Алдар Көсенің сиқырлы дүрбісі

М. Әлібек

«Алдар Көсенің сиқырлы дүрбісі»
ертегі

Қоюшы- режиссері Р. Уалиев
Ассистент А. Шарипов
Қоюшы суретші М. Мамбетов
Муз. көркемдеуші Ж. Ноғайбаев,О. Балға
Костюмдер жөніндегі суретші С. Есенғарина

Рөлдер мен орындаушылар:

1. Алдар Көсе – М. Ерғалиев, Қ. Құттыбаев
2. Сараң бай – Қ. Балдайыров, Ә. Оразалин
3. Қарақшы – А. Құдайбергенов, Ә. Сисенов
4. Дәу – Т. Қарасаев, Е. Оразалин
5. Өрмекші адам – С. Мұқашев, М. Жақсығали
6. Макуин – Ж. Өтеген, Р. Ерболатова
7. Маша – Г. Мәмбетова, А. Оразалина

Балаларға арналған бұл ертегі қазіргі заманға лайықталған, кішкентай бөбектер қызыға қарайтын жаңа туынды. Басты кейіпкерді сомдаған театрымыздың талантты актеры, ізденісте жүруді ұнататын жас актер Қадір Құттыбаев. Сараң бай мен қарақшы кедейдің дорбаға таласуынан бастау алған ертегі, адамдардыың берекетін қашырған орман арасында мекендейтін жалғыз көзді Дәудің көзін құрту мақсатында күрескен Алдар Көсе мен түрлі кейіпкерлер арасында оқиға дами береді. Бұзық Маша, жүйткіген Макуин, өрмелеген өрмекші адам, жаны тыныш сараң бай мен қутыңдаған кедей кішкентай балдырғандарды таңдандырып, күлкіге қарық қылды. Әсіресе, америкадан келген қонақ өрмекші адам Алдар Көсеге әкелген сарқыттарын шығарғанда балдырғандар ерекше қуанып қол шапалақтасты. Ертегі басталысымен балалар өздерінің ғажайып әлемге қалай кіріп кеткендерін сезбей қалды. Актерлар бүлдіршіндермен тығыз байланыста болып, ертегі кейіпкерлері арқылы одан әрі қызықтырып, қойылымды өте көңілді аяқтады. Жалғыз көзді Дәуден әбден мазасы қашып, құтылмақшы болған сараң байдың өзі де аңқау кейіпкерге айналып кеткенін байқамай қалады. Актерлардың қимыл – қозғалысына, әсіресе жалғыз көзді Дәудің үлкендігіне кішкентай көрермендер мәз-мәйрам болып, таң қалыстарын жасырмады. Сараң байдың рөлін сомдаған Қазихан ағаның балаларды өзіне тартып арбауы мен сахнадағы актерлық шеберлігі және дауысының кеңдігін ерекше атап өткім келеді.
Бұл қойылымның мақсаты ертеден аңыз болып келе жатырған ауыз әдебиетінің ақылды айлакерін қазіргі қазақ жастарына кеңінен насихаттау болатын. Әділетсіз билік иелерінен қиянат көрген, сараң бай мен пайдакүнем саудагердің сан рет санын соқтырған, қазақтың қанына сіңген намысшыл кейіпкер арқылы бүгінгі жас ұрпақты жақсылық-жаңалыққа, ізгілік пен ізденіске үндейді.

Ертегінің соңында, барлық кейіпкерлер жабыла жалғыз көзді Дәуді ақылға келтіріп, жағымды кейіпкерге айналдырады. Алдар америкадан келген қонақтарын шығарып салып, дәумен достасып, тату-тәтті өмір сүреді.