«Тілеу батыр» спектакльінің премьерасы өтті

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында «Тілеу батыр» спектакльінің премьерасы өтті. 

16 наурыз күні Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында ҚР Мәдениет қайраткері Мырзан Кенжебайдың «Тілеу батыр» пьесасының желісі бойынша премьера болып өтті.

Қойылым Ақтөбе театрының сахнасында «Тілеу батыр» мейірімділік қорының директоры Қанатбай Елеусізұлының идеясы бойынша сахналанды.

Спектакльдің режиссері – Алмат Шарипов, суретшісі – Айбек  Орынбасаров.

Батыстан шығысқа қарай, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі шұрайлы да шырайлы жерімізге көз тіккен жаулар аз болды ма?  Қойылым кеңінен қанат жайған қайсар қазақтың өр намысын, қайтпас рухын, тұғыры биік тілі мен діңгегі берік дінін азаттық жолында ту қып ұстап, Сайрам соғысында шыбындай жаны, қасықтай қаны қалғанша шайқасқан Тілеу батыр Айтұлы туралы тарихтан сыр шертеді.

Басты кейіпкер Тілеу батыр рөлін қазақ труппасының актері Даурен Нарман, ал оның баласын Жолдыаяқты Бексұлтан Изтаев сомдады.  Сонымен қатар, спектакльде Б. Қайроллин, А. Турегалиева, Қ. Құттыбаев, Ә. Оразалин, Н. Айтқалиев, Н. Утегулов, А. Құдайбергенов, М. Ерғалиев, Ә.Нажмеденова, К. Кемалбаев, Е. Оразалин, Ж. Молдақұл,   Д. Айдаров, Қ. Балдаиров, Б.Бекенов, А.Тілектес секілді әртістер өнер көрсетті.

Қойылым соңында спектакльге ҚР зиялы қауым өкілдері жазушы-драматург, «Мәдениет» журналының бас редакторы Дулат Исабеков, «Тілеу батыр» пьесасының авторы, «Мәдениет» журналының орынбасары Мырзан Кенжебай, ғалым, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-президенті Өмірұзақ Айтбаев, Филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбаев,   Филология ғылымдарының докторы, «Арыс» қорының Президенті Ғарифолла Әнес өз бағаларын берді.

Спектакль аяқталған соң, «Тілеу батыр» мейірімділік қорының директоры Қанатбай Елеусізұлы премьераның сәтті шығуымен құттықтап, қордың атынан қойылымға қатысқан барлық әртістерге Тілеу батыр өмірі мен ерлігі жөніндегі кітаптары, гүл шоқтары және Тілеу батыр бейнесімен портреттер сыйлады. Ал, Т.Ахтанов театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқанға Тілеу батыр естелік медалі, алғыс хат және портрет сыйға тартты.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов жаңа қойылыммен құттықтап, театр ұжымына ықылас гүлін табыс етті.

Бұл кеште театр залы лық толып, көрермендердің көпшілігі Тілеу батырдың тікелей ұрпақтары болды.