«Құрдастар» спектаклінің премьерасы туралы ақпарат

11 сәуір күні Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында ақтөбелік жазушы, сатирик Төрежан Мәндібайдың пеьесасы бойынша «Құрдастар» спектаклінің премьерасы болып өтті. Спектакльдің режиссері Елтай Кемал, суретшісі Айбек Орынбасаров.

Премьера басталмас бұрын «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жақында 80 жасын атап өткен пьесаның авторын сахна төріне шақырды. Ол авторды мерейтойымен және премьерамен құттықтап, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің атынан алғыс хат пен бағалы сыйлық тапсырып, театр ұжымына спектакльді сахналайтындары үшін алғыс айтты.                                                                     

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан әкімнің орынбасары М.С.Жұмағазиев Төрежан Мәндібайды мерейтойымен және премьерасымен құттықтап, алғыс хат тапсырды. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрі бойынша ат мінгізіп, иығына шапан жапты.                       

Мерейтой иесін ресми құттықтаулардан кейін көрермен лық толы театр залында «Құрдастар» спектаклінің премьерасы басталды. Жеңіл, тірі сюжетті пьеса көрермендердің ешқайсысын бейжай қалдырмады. Әртістердің әр сөзі мен қозғалысына залдағы көрермендер көңілді күлкімен қол соқты.                                                                               

Пьесаның желісі бойынша оқиға кейіпкерлердің өмірдегі ең қызықты шақ, соның ішінде, жатақханада тұру бақытын алған студенттік шақ туралы баяндайды. Біздің кейіпкерлер жас, әдемі, көңілді, өздеріне өте сенімді, сондықтан да, олар түрлі қызықты оқиғаларға тап болады. 

Спектакльде «Құрмет» орденінің иегері Шалқия Бақытжанова, Бексұлтан Изтаев, Мейрамбек Ерғалиев, Бекжан Қайроллин, Гүлзат Ермағанбетова, Әсем Құсайынова, Алина Сералина, Асила Турегалиева, Мейірбек Шеке, Шынар Марат, Қадір Құттыбаевтар өз рөлдерін сәтті алып шықты.                                                                                           

Премьера соңында қалың көрерменнің қол соғуы мен әртістердің «Режиссер, режиссер» деген шақыртуынан кейін сахнаға спектакльдің режиссері Елтай Кемал шықты. Ол пьеса авторын сахнаға шақырып, барлық қатысушыларды спектакльді жоғары деңгейдде алып шыққандары үшін алғыыс айтып, Төрежан Мәндібайды мерейтойымен және премьерасымен құттықтады.