Шалқия Бақытжанова

Бақытжанова Шалқия Ауғанбайқызы 1951 жылы 25 шілде күні Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Мұсабек атындағы совхозда дүниеге келген. 1958 жылы мектеп табалдырығын аттап, сол мектепті 1968 жылы үздік бітіріп, 1970 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрдың жанындағы 2 жылдық театр студиясында білім алған. 1972 жылы бітіріп, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен 1972-1996 жылдар аралығында Жамбыл облыстық Абай атындағы қазақ драма театрында актриса болып еңбек жолын бастаған. 1996 жылдан бастап бүгінгі дейін Ақтөбе облыстық қазақ драма театрының әртісі болып жұмыс жасауда. Шалқия Бақытжанованың көркем келбеті, ашық дауысы, техникалық шеберлігі өз көрермендерін үнемі баурап отырады. Әр рольді терең оқып-зерттеп, пластикалық-интонациялық қабілеттерін шебер пайдалана біледі. Рольдердің жанрлық ерекшеліктерін терең біліп, орынды игереді. Шалқия Ауғанбайқызы Бақытжанова белгілі сахна шебері ретінде, бүгінгі таңда театрдағы кейінгі толқын-жас буын әртістеріне сахна өнерінің сыры мен қырын ашып, өз шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, тәлімгерлік жасап, жаңа бейнелерді сомдауда. Ш.Бақытжанова ұжымда өзіндік орны бар беделді азаматшалардың бірі. Қажет кезінде қатаң талап қойып, сахна мәдениетін, тәртібін сұрап отыратын Шалқия Ауғанбайқызын жастар да, өзі қарайлас қатарластары да қатты қадірлеп, құрмет тұтады. Өзі кездестірген, бірге сахнада әріптес болған қазақтың белгілі әртістерінің өмір жолын, жеткен табыстарын, сахнадағы шеберліктерін айтып, тәрбиелеуді, өз тәжірибесімен бөлісуді өзінің міндеті деп санайды.

Ойнаған рольдері:

  1. М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» Қарлығаш
  2. Қ.Мұхаметжанов «»Бөлтірік бөрі астында» Жәмилә
  3. Ш.Айтматов, Қ.Мұхаметжанов «Көктөбедегі кездесу» Алма
  4. Т.Әлімқұлов «Қызыл түлкі» Бағила
  5. Ш.Айтматов «Бетпе-бет» Фатима
  6. У.Шекспир «Дуалы түнгі думан» Ипполита
  7. Ш.Мұртаза «Қара маржан» Мәрзия
  8. Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақов «Революция сарбаздары» Наталья
  9. Е.Әлімжан «Бір қазаққа бір қатын» Шөпкүл
  10. Қ.Найманбаев «Ерлі-зайыптылар» Балым
  11. С.Досанов «Дауыл» Рымкеш

1996 жылы қызмет бабымен Ақтөбе облыстық драма театрына ауысып, бүгінгі күнге дейін актриса болып еңбек жолын жалғастыруда.

Ойнаған рольдері:

  1. М.Әуезов «Айман-Шолпан» Теңге
  2. Т.Ахтанов «Күшік күйеу» Биғайша
  3. Т.Ахтанов «Ант» Бәтима
  4. Т.Ахтанов «Күтпеген кездесу» Ғайни
  5. Т.Ахтанов «Арыстанның сыбағасы» әйел
  6. Е.Әлімжан «Жан ұран» Долларгүл
  7. Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» Мақпал
  8. Ғ.Мүсірепов «Аңыз ана» қайсар ана
  9. И.Ғайып «Махамбет» ана
  10. Б.Тәжібаев «Ана жүрегі» ана
  11. Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашы» Дәметкен
  12. С.Балғаабаев «Әйелдер әлемі» Динараш
  13. Т.Ахтанов «Махаббат мұңы» ана

2002 жылы Ғ.Мүсіреповтың 200 жылдығына орай X республикалық театр фестивалінде «Аңыз ана» қойылымындағы Ана образы үшін «Үздік ана» лауреатына ие болып, 2007 жылы облыс әкімі сыйлығымен марапатталды.
2009 жылы Қырғызстан Республикасының мәдениет қайраткері.
2011 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды.
1975 жылдан бері Қазақстан Театр қайраткерлер Одағының мүшесі.