Дерт

М. Боцуяку «Дерт»

Қоюшы режиссері – Е. Кемал,

Қоюшы суретші -А. Орынбасар,

Балетмейстер- Л. Мұхамедалина,

Музыкамен көркемдеуші- Б. Жұмалин

Жапон тіршілігінен сыр шертетін бұл қойылымның ерекшелігі неде? Өткен ғасырдың орта шенінде драматургия саласында абсурдты драма деген ағым пайда болды. Батыс  Еуропаның театрларында өмірге немқұрайлы қарау, өмірден түңілу,адам қатынасының бұзылуын әшкерелеген осы ағым әлі күн жалғасып келеді. Латынның «абсурд» деген сөзінің өзі біздің ұғымымызда мәнсіздік, мағынасыздық, ойға келмейтін өрескелдікпен қауышып жататындығы және рас. Кейіпкерлер сөзіндегі қарама-қайшылық, бір сөздің бірнеше қайталануы, жауап сөздің басқаша берілуі алғашында түсінбеушілік тудырады. Сахнадағы декорациялар мен бұйымдардың бір-бірімен әлсін-әлсін алмасып жатуы немесе кейіпкерлердің не айтып тұрғанын әдепкіде айыра да алмай қаласың. Алайда осы мағынасыздықтың өзінде белгілі бір мағына, ой жатқандығын сезініп, автордың нендей мақсаты барлығына құлшына түсесің. Қоршаған орта, сен қатынас жасайтын адамдар,өмір мен қоғамның ала сапырылысы-бәрі-бәрі көкірегіңді бір ойға бастайды. Ойланасың, күлесің,қынжыласың. Айналып келгенде осы қойылымды тамашалай отырып, әркім өзінің көкірек пейілі мен біліміне сай ой теңізіне бойлайды.

Театрымыздың талантты артистері Қ. Балдайыров,Ғ. Убаев,К.Кемалбаев,А. Айнағұлов, Д. Нарман. Ә. Сисенов, Р. Ерболатова және басқалары осы қойылымды күрделі де қиын жанр ретінде көпшілікке таныстыруға үлкен еңбек сіңірді.Пьесаны қоюшы режиссер                    Е. Кемал:-Театрдың өзі күлуден не жылаудан ғана тұрмайды.Осы қойылым арқылы көрерменге ой салумен бірге адамдық пен адамгершілікті сақтауды ұғындырғым келді,- дейді. Сонымен құрметті көрермен, абсурдты театрмен танысуыңызға  мүмкіндігіңіз бар демекпіз.