Орыс труппасының 58-ші театр маусымы

Қазақ труппасының 32-ші театр маусымы

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының тарихы

1933 жылы Ақтөбе теміржол клубында әуесқой жастар театры клубы ашылды. Сол жылы Республика халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов облыстық оқу бөліміне қазақ театрын ашу қажеттілігі туралы жеделхат жолдады. 1935 жылы Т.Жүргеновтің ұсынысы бойынша Жастар театры үйірмесінің негізінде алғашқы қазақ музыкалық-драма театры ашылды. 1935 жылы 23 сәуірде қол қойылған бұйрықта Т. Жүргенов Ақтөбедегі Жастар театры Қазақстандағы жастармен жұмыс істейтін тұңғыш театр екенін атап өтті.

1936 жылдан 1941 жылға дейін театрдың бірінші режиссері Ғ.Омаровтың жетекшілігімен «Еңлік – Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Амангелді», «Қыз Жібек», «Исатай − Махамбет» сияқты өзге де қазақ классиктерінің шығармалары сахна төріне жол тартқан. 1939 жылғы 1 желтоқсанға дейін қазақ музыкалық драма театрында 60 адам еңбек еткен, оның ішінде 27актерлар, сонымен қатар құрамында пианисткасы, скрипкашысы бар оркестрі болған. Театрдың алғашқы директоры Нығмет Тойбазаров. Актерлардың ішінде ҚазССР-інің еңбегі сіңген әртістері Нағима Өсербаева, Жүсіп Сейілов, Жүсіпбек Тұрсынов, Қали Нұрпейісов сынды және де Насыров, Балықбаев, Исмаилов, Кемалова және т.б.

1941 жылы ҰОС-ның басталуына байланысты қазақ театры жабылды. 1943 жылдың қыркүйегінен бастап қазақ музыкалық драма театры өз жұмысын қайта бастады. Қайта ашылған театрдың алғашқы қойылымы 1944 жылдың наурыз айында «Жұртын сүйген жүрек» қойылымы шығарылып, соғысқа дейінгі шығарылған қойылымдар жаңартылып, қайта ұсынылды. 1949 жылдың 11 наурызында Қазақ ССР Совет Министрлігінің қаулысы бойынша Ақтөбе облыстық жұмысшы депутат кеңесінің № 188 шешімі бойынша облыстық қазақ драма театры қайта жабылды. 1943 ж. орыс театры Ақтөбеге көшіріліп әкелінген Днепропетровск сазды драмалақ театрының қызметімен басталды. Жаңа театрға Өскеменнен режиссер Н.И.Курганский бастаған актерлік топ, П.Елагин, Н.Баева, А.Немировская, С.Римнева, Д.Репниналар соғыс жылдары А.Островский, А.Чехов, Н.В.Гоголь шығармаларын сахналады. 1948 жылы соғыстан кейінгі экономикалық қиындықтарға байланысты орыс театры өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды.

Орыс театрының келесі қадамы 1965 жылы Қазақ ССР Совет Министрлігінің №707 – ші (13.10.1964 жылдан бастап) шыққан үкімімен алғашқы директоры Владимир Сергеевич Тихонов басшылығымен облыстық Мәдениет үйінде басталды.

1965 жылдың 7 қарашасында алғаш театр маусымы режиссер Б.В.Виноградованың қоюымен А.П.Штейннің «Между ливнями» пьесасы сахналанды. Алғашқы театр маусымында 29 адамнан құралған труппаның 9 қойылымы жүзеге асты.

Театрдың алғашқы труппасы: Л.Белова, Дағыстан АКСР еңбек сіңірген әртістері К.Богачова, О,Богданова, С.Богомолова, Л.Дворчук, И.Меркулова, Р.Потапова, Л.Шенгелидзе, С.Бакин, А.Богачев, В.Воля, Г.Гришин, Н.Догадин, Е.Докукина, Л.Кадров, В.Колесник, В.Литвиненко, М.Омельницкий, В.Поснов, Г.Рычков, В.Соловьев, Л.Томингас, Г.Ярлыков, Б.Ханутин, Қазақ ССР еңбек сіңірген әртістері Э.Федорова, Л.Фомин.

Қазақ театры 1992 жылы облыстық қазақ сатира театры болып қайтадан жұмысын бастап, 18-шілдеде Т. Ахтановтың «Күшік күйеу» спектаклімен өз шымылдығын ашты. Қазақ театрының алғашқы директоры Қорлан Бөлеков, режиссері Дихан Жәлекенов. Алғашқы күннен еңбек еткен артистер С.Аманқұлов, Р.Тәукебаева, Б.Ержанов, Қ.Амантурлин, А.Махамбетова, А.Құрмантаева, Б.Нұрмағамбетовтер болды.

1997 жылы 3 қарашада театрға қазақ драматургі Т.Ахтанов есімі беріліп, 1998 жылы облыс әкімінің шешімімен екі труппа біріктіріліп, Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры аталынды. Осы кезеңде театр ұжымы өз репертуарын шетелдік әрі отандық драматургтердің шығармаларынан қойылған көптеген жаңа спектакльдерімен толықтырып, театр ұжымы театр фестивальдеріне белсенді қатысып, танымал болуға ұмтыла бастады және де жүлделі орындарға ие бола бастады.

Орыс труппасы режиссер Т.В.Лукомская мен ҚР еңбек сіңірген әртісі В.И.Бритц бастаған жаңа актерлік ауысымы дәстүрін О.Павлова жалғастырып, театр базасында 2013 жылы шығармашылық лаборатория құрды.

2013 жылдың 31 наурызында драма театрына облыстық «Екі езу» сатира театры труппа болып қосылып, театрда үш труппа жұмыс жасады. 2017 жылдың 9 қыркүйегінде «Екі езу» әзіл-сықақ театры болып қайта бөлініп шықты.

2016 жылы Ақтөбе қаласында алғаш рет театрдың ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Республикалық жастар және студенттік театрлары арасындағы «Балауса» фестивалі өткізілді. Аталған фестиваль қолдауға ие болып, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі театр фестиваліне айналып, халықаралық деңгейге жетті. 2018 жылы облысымызда драма театрлар арасында Халықаралық деңгейде алғаш рет қаламгер Т.Ахтановтың 95 жылдығына арналған Халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі ұйымдастырылды. «Балауса» театр фестивалі Халықаралық деңгейде жалғасын табуда.

Көрерменге жоғары деңгейде сахналанған шетелдік және отандық драмалардың туындыларынан үздік қойылымдарын ұсыну және де репертуарды жаңарту мен тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын театрға Республикалық театрлардан белгілі режиссерлер шақырылып отыр. Атап айта кететін болсақ: М.Ахманов, Қ.Қасымов, Д.Кенебаев, Н.Жұманиязов, Н.Жақыпбай, Ф.Қанафин, Д.Базарқұлов, А.Воронин, А.Қырықбаев, Д.Жұмабаева, Қырғызстаннан Н.Абдықадыров, ресейден В.Виттих, Т.Лукомская, А.Морозов, А.Орлов, Испаниядан А.Гевара және т.б шақырылып, жаңа қойылымдарды сахналанды. Сонымен қатар, театр репертуарына өз үлестерін қосқан театр режиссерлары М.Бақытжанов, Е.Кемал, М.Хабибуллин, О.Павлова, Ж.Қалқабековты атап айта кетуге болады. Қазіргі таңда театр репертуарындағы Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашы», М.Әуезовтің «Ерназар-Бекет», Н.В.Гоголдің «Ревизор», Р.Отарбаевтың «Темір Нарком», Ж.Ж.Әлмашұлының «Нарқыз», Ж.Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», У.Шекспирдің «Гамлет», Т.Дюдженоглының «Лавина», М.Задорновтың «До слёз.... или продайте мужа», К.Гольдонидің «Хозяйка гостиницы», Р.Кунидің «Смешные деньги», Ф.Достоевскийдің «Дядюшкин сон», У.Шекспирдің «Ричард III» Н.Бронникованың «Во всем виновата гроза», Д.Исабековтың «Транзитный пассажир», У.Сароян ның «Эй, кто-нибудь!», С.Нұржанның «Ер Едіге», М.Әуезов «Ерназар-Бекет», Қ.Мұрат «Болашаққа хат», Б.Абдуразаков «Айналайын», Ұ.Есдәулет «Қара пима» т.б отандық және әлемдік драматургиядан қойылымдарды көрерменге ұсынуда.

Театр үздік дәстүрлерді дамыта отыра, қазіргі заманның ерекшеліктерін игеріп, бүгінгі таңда республикалық және халықаралық театр фестивальдерінің тұрақты қатысушысы болып табылады. Соңғы жылдар географиясы - Ереван (Армения), Мерсе (Түркия), Рязань (Ресей), Буинск (Татарстан), Алматы, Атырау, Көкшетау ...

Театрда 1965 жылдан бастап театр директоры қызметін атқарған: Владимир Тихонов, Лев Куроверов, В.Клименко, Александр Великий, Виктор Калинников, Александр Эбергардт, Виктор Баймлер. Ал, 1991 жылдан: Қорлан Бөлеков (1991-1998 жж), Алексей Орлов (1998- 1999жж), Сұлтанғали Шүкүров (1999 - 2000 жж), Лира Шәрипова (2000 – 2007жж), Мағзұм Бақытжанов (2007 -2010жж), Женис Қалқабеков (2010 -2012жж), Нұрлыбек Жұбатқан (2013-2017жж) Нұрхан Кәдірбаев (2017- 2019жж), Олжас Ибраев (2019-2021жж). 2021жылдың 25 қарашасынан Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры қызметі м.а. Еспанбетов Жандос Жаумитұлы басқаруда.