Орыс труппасының 57-ші-ші театр маусымы

Қазақ труппасының 31-ші театр маусымы

Бақ біз туралы Мәртебесі биік өнердің мерейлі маусымы
Мәртебесі биік өнердің мерейлі маусымы

Мәртебесі биік өнердің мерейлі маусымы

Кезекті театр маусымы да аяқталуға жақын. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қос труппасы үшін де, көрермен үшін де бұл кезең ерекше болды. Өйткені мәдениет мекемесінің ғимараты ұзаққа созылған күрделі жөндеу жұмыстарынан соң қайта ашылғаны белгілі.

Біз аталған театрдың директоры міндетін атқарушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі  Жандос Еспанбетовпен сұхбаттасып, өнер ұжымының қазіргі тынысы мен алдағы жоба-жоспарлары туралы білген едік.

 

— Алдағы аптада қазақ және орыс труппаларының кезекті маусымының жабылуы болмақ. Сіздер үшін бұл маусымның бұрынғыдан өзгерек өткені анық…

— Иә, ақпан айында екі жылға созылған күрделі жөндеуден соң театрдың үлкен залы ашылды. Ғимараттың іші-сырты айтарлықтай жаңартылды.

Өткен жылдың 21 қазанында Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының  қазақ труппасы 31-ші, ал орыс труппасы 57-ші театр маусымының шымылдығын ашты. Сол уақыттан бері бірқатар іс-шара атқарылып, бірнеше жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Атап айтқанда, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» пьесасының желісімен «Арамыз жылып қалар» драмасы, Уильям Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясы,Қолғанат Мұраттың «Болашаққа хат» детективі, Дулат Исабековтің «Транзитный пассажир» драмасы, Сая Қасымбектің «Жалаңтөс баһадүр» тарихи драмасы, Уильям Сароянның «Эй, кто-нибудь!» трагедиясы, сондай-ақ облыстық филармония артистерінің қатысуымен «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы сахналанды.

Сонымен қатар біздің актерлер өңірде өткізілген маңызды мерекелік іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысып, аптаның әр жұма-сенбі күндері Абай ескерткіші алдында «Абай әлемі» атты танымдық-музыкалық кешті ұйымдастырды.

— Соңғы жылдары театр біраз жас актермен де толықты. Соған кеңінен тоқталсаңыз.

—Осы маусым ішінде қатарымызға үш актриса қосылды. Қазақ ұлттық өнер университетінің 2021жылғы түлегі — Айымнұр Сәндібайқызы аз уақыттың ішінде  «Жалаңтөс баһадүр» қойылымында Лағыл, «Алғашқы махаббат» комедиясында оқушы қыз, ал «Ричард ІІІ» трагедиясында Леди Анна образдарын сомдап үлгерді. Ал Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжін тәмамдаған Назерке Бақытжанға «Арамыз жылып қалар» отбасылық драмасында Жұлдыз, «Алғашқы махаббат» комедиясында оқушы қыздың бейнесі сеніп тапсырылды. Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Айжан Абдуллинаның аяқ алысы жақсы, болашағынан зор үміт күттіреді.

— Ал бұрыннан еңбек етіп келе жатқан актерлердің шеберлігін шыңдау, жалпы өзара тәжірибе алмасу жайы қалай болып жатыр?

— Пандемияға байланысты байқау-фестивальдардің біраз тоқтап қалғаны белгілі. Бұл жұмыстар енді ғана қарқын алып жатыр. Дей тұрғанмен, орыс труппасының актерлері былтыр күзде Көкшетау қаласында ұйымдастырылған «TeART-Көкше» ІІ халықаралық театр фестиваліндеболып қайтты. Сондай-ақ Алматы облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының республикалық «Бес қару» театр фестиваліне актеріміз Нұрсұлтан Айтқалиев қатысты.

Өзіміз де қалыс қалмай, індетке байланысты болмай қалған «Балауса» театр фестивалін өткіздік. Биылғы 20-25 сәуір күндері аралығында театр ғимаратында өткен өнер мерекесіне Ресейден және еліміздің әр өңірінен 8 театр ұжымы қатысты.

Мұнымен бірге біраз артисіміз, атап айтсам, Шалқия Бақытжанова «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Жанар Кемалбаева, Абзал Құдайберген және Дәурен Нарман «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Любовь Тормышева «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

— Облыстық драма театры туралы сөз қозғалғанда, «спектакльдердің тақырыптық өзектілігі, соның ішінде көпшілік көрерменге арналған, өмірден алынғаны жоққа тән» деген сын жиі айтылады. Расында, кілең батырлар, өткен ғасырлардағы оқиғалар туралы, классика сахналанады. Келер маусымда қандай жоспар бар?

— Репертуарға келсек, қазақ труппасында ересектерге арналған 19 қойылым, балаларға арналған 7 ертегі болса, орыс труппасында ересектерге арналған 17 қойылым, балаларға арналған 13 ертегі бар.

Спектакльдер әр жанр бойынша түрлі тақырыптармен қамтылған. Театр ұжымы отбасылық мәселелер туралы бірнеше қойылымды ұсынды. Мысалы «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы мен «Келіндер көтерілісі» комедиясын айтуға болады. Сол сияқты «До слёз…. или продайте мужа», «Қара пима»,  «Айналайын»қойылымдары да бар. Жалпы театрға келетін аудиторияның көпшілігі жастар болғандықтан, екі труппада да достық, махаббат тақырыбындағы қойылымдар көбірек кездеседі. Рас, соңғы жылдары театр репертуарында батырлар жөніндегі тарихи қойылымдар көбейіп кетті. Келер маусымда қазақ авторларының шығармаларымен таныстыру жоспары бар.

— Тағы қандай ой-мақсаттарыңыз бар?

—  Балалар жылы аясында балалар мен жасөспірімдер шығармашылығынаарналған Ахтанов атындағы І республикалық үздік драматургия байқауын өткізбекпіз. Екі санат — балаларға арналған ертегі және жасөспірімдерге арналған драма бойынша өтетін байқаудың нәтижесі қазан айында шығарылмақ. Кейін үздіктердің жұмысы Ахтанов театрында сахналанатын болады.

Тағы бір жаңалығымыз — «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасымен қыркүйек айында гастрольдік сапармен Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларына баруды жоспарлап отырмыз.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ

Источник. https://aqtobegazeti.kz/?p=113768