Орыс труппасының 57-ші-ші театр маусымы

Қазақ труппасының 31-ші театр маусымы

Бақ біз туралы «Балауса» — Ақтөбенің бренді
«Балауса» — Ақтөбенің бренді

«Балауса» — Ақтөбенің бренді

 

5 күнге созылған театр мерекесі көрермен қауымды ерекше спектакльдерімен қуантты

Осымен 5-рет ұйымдастырылған Халықаралық «Балауса» эксперименталды спектакльдер фестивалі өз мәресіне жетті. Өнер мерекесінде жер-жерден келген 8 театр бағын сынап, бабын көрсетті.   

Драмадан сюрреализмге дейін…

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы  Жандос Еспанбетовтің айтуынша, аталған фестивальге қатысуға барлығы 23 театрдан ұсыныс түскен. Шығармашылық топтың шешімімен солардың арасынан 8-і таңдап алыныпты.

— Аталған жобаны ұйымдастырудағы мақсат — театр өнерін дамытып, ұжымдар арасындағы байланысты нығайту, өзара тәжірибе алмасу. Сондықтан біз ерекше, үздік деген қойылымдарды іріктеуге тырыстық. Байқағаным,  әріптестеріміз мұндай басқосуларды қатты сағыныпты. Бұның пандемиядан кейінгі уақыттағы осындай кең ауқымда өткізілген көпшілік шаралардың алғашқысы екендігінен де болар. Жан-жақтан жиналған әріптестер — барлығымыз мәре-сәре болып, шын мәнінде өнер мерекесіне куә болдық. Қатысушылар да ризашылығын айтып, жылы лебіздерін білдіріп жатты. 5-ші рет өткізіліп отырған «Балауса» фестивалі аз уақытта Ақтөбе театрының маңдайалды жобаларының біріне айналып үлгерді, — дейді Жандос Еспанбетов.

Фестиваль Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Ұйқым келмейді» драмасымен (авторы — О.Бөкей) басталды. Жас актер Бәзіл Сұлтанғазының режиссер ретіндегі тырнақалды туындысында ауылдағы тіршілік, мектепті енді бітірген қос ғашықтың хикаясы қамтылады. Ерекше режиссерлік шешімдер, кілең жастардың актерлік ойыны көрініс тапқан спектакльде адамдар адасу арқылы бір-бірін табатынын, қателіктен сабақ алуы керектігі — басты лейтмотив. Шағын залда сахналанған қойылым көрермен қауымды екіұдай пікірде қалдырып, үлкен ойға жетелейді…

Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры қойған Ш.Айтматовтың «Ізде» сюрреализмі (режиссері — Г.Адай) тіптен тылсымға толы. Жалғыз актер Елдос Касымбеков моноспектакль бойы өмірлік сұрақтарға жауап іздейді. Көрерменді де бастан-аяқ еріксіз өзімен бірге ілестіріп отырады. Сахнадағы ерекше декорация,  үйлесімді музыкалық әрлеу, актердің шебер ойыны үлкен еңбектің нәтижесі екені сөзсіз.

Тағы бір спектакль — Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық  музыкалық        драма театры труппасы қойған Ф.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасына (режиссері — С.Потапов) айрықша тоқталсақ дейміз. Әлемдік классикаға айналған қойылымда қапияда күйеуінен айырылған Бернарда Альбаның үйіндегі жағдайлар, қыздарымен қарым-қатынасы, бір отбасындағы билікке талас суреттеледі. Еркіндікті аңсаған қыздар анасының айтқанын тыңдағысы келмей, түрлі қылық шығарады. Соңында кейіпкерлер шым-шытырық оқиғаға толы үйден кетудің бір-ақ жолы барын түсінеді…  Актерлік шеберлігімен, тартымды оқиға желісімен, жалпы мазмұнымен өзіне баурап алатын спектакльде басты рөлді сомдаған Әлия Бисенбиева жарқырай көрінді.

Сол сияқты С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры труппасы сахналаған О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасы (режиссері — А.Нигманов), Алматы қаласының  Мемлекеттік қуыршақ театры ұсынған У.Шекспирдің «Макбет. Иллюзия» трагедиясы (режиссері —Д.Жұмабаева), А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры (Ресей) О.Уайльдтың шығармасы негізінде қойған «Флорентийская трагедия»  спектаклі (режиссері — Д.Радченко),  Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театрының Б.Нушичтің «Қарапайым адам» комедиясы (режиссері — Б.Абдуразаков) және Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының  У.Шекспирдің «Ричард III» трагедиясы (режиссері — М.Хабибуллин) көпшілікті бейжай қалдырмады.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Фестиваль тарихынан:

…2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  республикалық жастар және студенттік театрлар арасында алғаш рет «Балауса» фестивалі ұйымдастырылды;

…2017 жылдың сәуір айында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында фестиваль Қазақстан драма театрлары арасында өткізілді;

…2018 жылдың сәуір айында елорданың 20 жылдығына және Т.Ахтановтың 95 жылдығына «Балауса» халықаралық деңгейде әрі эксперименталды қойылымдардың фестивалі ретінде қолға алынды;

…2019 жылдың сәуір айында фестиваль Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналды.

Үздіктер анықталған сәт

Ресей мен Қазақстанның 6 қаласынан келген театр труппаларының өнерін қазылар алқасы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, З.Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының кафедра меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Айсұлу Сагитова, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина, ҚР Журналистер одағының мүшесі, театртанушы Ардақ Қонақбаева, сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисовалар бағалады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша «Үздік қойылым» әрі «Үздік сценография» аталымдарын (сыйақы — 700 мың теңге) Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ​ театры (У.Шекспирдің «Макбет. Иллюзия» трагедиясы) жеңіп алса, «Үздік режиссерлық жұмыс» ретінде Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының У.Шекспирдің «Ричард III» трагедиясы (500 мың теңге) танылды. «Үздік ер адам рөлі» аталымын Семей қаласынан келген «Дариға-ай» жастар театрының актері Елдос Қасымбеков иемденсе, «Үздік әйел адам рөлі» Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық  музыкалық драма театрының актрисасы Әлия Бисенбиеваға берілді. Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театры «Үздік актерлық ансамбль» атанса, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры «Көрермендер көзайымы» сыйлығына ие болды. Бұлардың барлығына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Арнайы жүлде — Қазақстанның халық артисі, режиссер Қадыр Жетпісбаев атындағы сыйлықты (300 мың теңге) оның жары Зәуре апай Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Бәзіл Сұлтанғазыға тапсырды. Көршілес елден келген жалғыз қатысушы — А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры «Фестивальге қатысқаны үшін» грамотасымен марапатталды.

— Біз үшін атақ-марапат, сыйлықтан гөрі, осылай тәжірибе алмасып, замандастарымыздың өнерін тамашалаудың өзі үлкен олжа. Осыдан екі жыл бұрын түрлі себеппен қатыса алмай қалған едік. Енді, міне, пандемиядан соң осындай эксперименталды спектакльдер фестиваліне қатысып отырғанымызға қуаныштымыз.

«Ұйқым келмейді» — театрымыздағы тек жастардың мұрындық болуымен қойылған драма. Бұл — адамның қателіктерімен күресуі жайлы туынды. Меніңше, осындай шаралар актерлерді қанаттандырады. Сондықтан жалғаса беруіне тілектеспін, — дейді арнайы жүлденің иегері, елордадан келген актер Бәзіл Сұлтанғазы.

Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев:

— Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Бұл — бағыты жағынан басқа облыстарда жоқ, Ақтөбенің брендіне айналған фестиваль. Өте қызықты, берері мол шара. Өзіміз «Үздік актерлық ансамбль» атанғанымызға ризамыз. Келесі жылы бұдан да тартымды өтсін, — деп лебізін білдірді.

Не дейсіз?

 

Еркін ЖУАСБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, қазылар алқасының төрағасы:

— Театрдың негізі режиссура екенін ескерсек, осы жолы фестивальде кіл жақсы спектакльдер ұсынылды. Бірінен бірі өтеді, бөліп-жаратын ештеңесі жоқ. «Балаусаны» үміттің фестивалі дер едім. Өйткені осы жерден үздік шығып, қанат қаққан жастардың үлкен сахналарда жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніне куәмін. Ең бастысы, өзіндік айтары, көзқарасы бар жастардың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Қазақтың театр өнері өрлей берсін!

 

Айсұлу САГИТОВА,

З.Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының кафедра меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қазылар алқасының мүшесі:

—  Мен Башқұрстанның Уфа қаласынан арнайы келдім. Ақтөбеге алғаш рет жолым түсті, қала өте ұнады. Облыстың өз драма театры және қуыршақ театры бар екен. Бұл — мұнда театр өнерінің жақсы дамып жатқандығының айғағы.

Бес күн бойы өткізілген өнер мерекесінен керемет әсер алдық. Жас режиссерлердің ізденісі ұнады. Классикадан бастап қазіргі заманғы драматургияға дейін қамтылған.  Менің ойымша, осындай фестивальдер барлық театр өкілдеріне керек және ауқымы кеңейе беруіне тілектеспін.

 

Әсия ҚҰРМАНАЛИНА,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Алақай» қуыршақ театрының директоры, қазылар алқасының мүшесі:

—  «Балаусаның» биылғы қарқыны өте жақсы, қатысушылардың даярлығы да жоғары деңгейде. Ахтанов театры осы жобаны өткізсе, біздің «Алақай» қуыршақ театры дәстүрлі түрде «Ассалаумағалейкум!» фестивалін ұйымдастырып келеді. Биыл Балалар жылы аясында қуыршақ театрлары арасындағы фестиваліміз қыркүйек айында өтеді деп жоспарланып отыр.

Эксперименталды спектакльдер фестивалі болғандықтан, режиссерлер әртүрлі жанрдағы жұмысын ұсына білген. Кей тұстарда олардың қиялына, режиссерлік шешіміне таңғалып та жаттық. Қойылымдардың бәрі ауыр, күрделі екенін де айта кеткен жөн… Әрине, ой салатын дүниелер керек. Бірақ ендігі жылы өнер ұжымдары көңілдірек, драматургиясы жағынан жеңіл, яғни комедиялық тақырыптарды да қамтыса деген тілек бар. Өйткені қазіргідей күрделі кезеңде көрермен қауымды одан сайын мұңайтудың қажеті жоқ.

 

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Источник. https://aqtobegazeti.kz/?p=112250